МЕНЮ

Мемлекеттік кеңесші халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлерімен кездесті

Ерлан Қарин Президент тапсырмасына сәйкес халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады.

Астана қаласында өткен басқосуға Жамбыл облысының дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Шарел Марғұлан мен «Дарын» лицей-интернатының түлегі Сабыр Жомарт қатысты. Айта кетейік, Шарел Марғұлан Бат қаласында (Англия) өткен халықаралық математикалық олимпиадада күміс медаль иегері болса, Сабыр Жомарт Сербия республикасының Белград қаласында өткен географиядан Еуропалық халықаралық олимпиадасында қола медаль иеленген болатын.

Мемлекеттік кеңесші кездесуде қазақстандық оқушылардың жыл сайын көптеген халықаралық білім додасында топ жарып жүргенін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Президенттің жақында өткен Депутаттар форумында сөйлеген сөзінде жұртшылықты спортшыларға ғана емес, зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына да лайықты құрмет көрсетуге шақырғанын еске салды. Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына және олардың ұстаздарына ақшалай сыйлық табысталады. Бұл ретте Қазақстан – білім олимпиадасы жүлдегерлеріне осындай қолдау көрсететін санаулы елдің бірі.

Мемлекеттік кеңесші Қазақстанда жастарға өзін жан-жақты жетілдіруге барлық жағдай жасалғанына, әсіресе, өскелең ұрпақ үшін білім мен ғылым саласында мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды.

Кездесу соңында Ерлан Қарин олимпиада жеңімпаздарына жылы лебізін білдірді. Олардың қажырлы еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық арқылы ел жастарына үлгі-өнеге көрсетіп жүргенін атап өтті.

Жамбыл облысы әкімдігінің
білім басқармасының «Жамбыл дарыны»
аймақтық ғылыми-практикалық орталығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Сайтты әзірлеу
Semstar