МЕНЮ

ҚР оқу-ағарту министрі Ғ.Б. Бейсембаев Жамбыл облысына келді

Жұмыс сапарының бағдарламасы аясында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының базасында министр өңірімздің халықаралық, республикалық пән олимпиадаларының, ғылыми жоба, шығармашылық, спорт, өнер байқауларларының жеңімпаздарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында еліміздің бас ұстазы дарынды оқушылармен еркін форматта әңгімелесті.

2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша өңірдің жүлде қоры түрлі зияткерлік додалардан 470 медальмен толықты. Одан бөлек жамбылдық 29 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары болып, «Үздік олимпиадалық команда» номинациясын иеленді.

Халықаралық беделді олимпиада жүлдегерлерінің арасында «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Марғұлан Шарел де бар. Ол Ұлыбританияда өткен IMO-2024 математикадан 65-ші Халықаралық олимпиадада ел намысын қорғап, күміс медаль олжалады.

«Жуырда ғана біз Ақордада болып, халықаралық пәндік олимпиадалардағы өз жетістіктеріміз үшін үлкен мақтаныш сезіндік. Президентіміздің, ұстаздарымның және ата-анамның қолдауы көңілге сенім ұялатады. Болашақта мен де еліміздің дамуына, оның ішінде отандық ғылымның қарыштауына өз үлесімді қосқым келеді», - деп IMO-2024 олимпиадасының күміс жүлдегері Марғұлан Шарел өзнің ақжарма алғысын айтты

Өз кезегінде министр мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың өзін өзі танытуына барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Президент бастамасымен 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ олардың ұстаздарына ақшалай сыйақы берілетініне тоқталды.

«Сіздер еліміздің мақтанышы ғана емес,  білімнің берік іргетасына қаланған және үздіксіз білім алуға ұмтылған зияткер ұлттың нышанысыздар.  Сіздердің жетістіктеріңіз қатар-құрбыларыңды білім алуға шабыттандырады, себебі сіздер көпке үлгісіздер. Мемлекет сіздердің әрі қарай өсулеріңіз  үшін барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп, жағдай жасауда. Сіздердің білімге ұмтылыстарыңыз тұтас ұлт үшін қозғаушы күшке айналады деп сенемін», - деді Ғани Бейсембаев.

Жамбыл облысы әкімдігінің
білім басқармасының «Жамбыл дарыны»
аймақтық ғылыми-практикалық орталығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Сайтты әзірлеу
Semstar